Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005 жылғы 31 тамыздағы № 12/26 Қаулысы
Осы редакция 2014 жылғы 9 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 54-бабына, «Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1998 жылғы 9 қазандағы № 9/2 қаулысына және Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженің 8-тармағының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамыздағы № 12/25 қаулысымен құрылған лингвистикалық комиссияның қорытындысымен, азамат өзін-өзі ұсыну туралы өтініш берген немесе республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзіндісі кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішімен қоса тапсырылған сәттен бастап бес күнтізбелік күн ішінде айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін тексеруді Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия (бұдан әрі - лингвистикалық комиссия) бір күнтізбелік күн ішінде жүргізеді. Отырысты өткізу күні мен уақытын Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатпен келісім бойынша лингвистикалық комиссия анықтайды.